Қазақстан адами капиталды дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, халықаралық Alem.ai орталығының базасында жаңа буынның екі мектебі – TUMO және Tomorrow School ашылды.
«Telegram және Presight секілді халықаралық серіктестермен бірлесіп заманауи зерттеу зертханалары құрылды. Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне кеңінен енгізіліп жатыр. Жақында мен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі элементіне айналдыратын Жарлыққа қол қойдым. Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыратын құрал емес, олардың мүмкіндіктерін кеңейтетін тетік ретінде енгізіледі. Жарлықта жекелендірілген оқыту тетіктерін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды нығайту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білім беру стандарттарын жаңғырту көзделген», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға, сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде әрбір балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруге бағытталған пилоттық жобаның іске қосылғанын айтты. Болашақта бұл жоба бүкіл ел бойынша жүзеге асырылады.
«Жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін айқындайтын негізгі факторға айналып келеді. Қазақстан бұл үдеріске алдын ала дайындалып, көшбасшы орынға шығу үшін қажетті институционалдық әлеуетті қалыптастыруда. Жақында жасанды интеллект саласының әлемге танымал сарапшысы, Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі доктор Ли Кай Фу Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында мемлекеттік органдардың жоғары басшылығы үшін оқыту семинарын өткізді. Семинар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні стратегиялық қолдануға, соның ішінде ЖИ-ге негізделген операциялық модельдерді, ЖИ агенттерін пайдалануға және Қазақстанның ұлттық технологиялық ЖИ платформасын дамытуға арналды. Мемлекеттік қызметшілерге арналған тұрақты оқыту бағдарламалары жасанды интеллект технологияларын жедел енгізуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Қазақстанда өңірдегі алғашқы мамандандырылған жасанды интеллект университеті құрылуда.
«Бұл бірегей жоғары оқу орны озық ғылыми зерттеулердің, инновациялардың және жоғары білікті мамандар даярлаудың орталығына айналады. Білімге, таланттарға және технологияларға инвестиция сала отырып, біз ұлттық жасанды интеллект экожүйесінің берік негізін қалыптастырып жатырмыз», – деп атап өтті Президент.