Алматыда балалардың құқықтарын қорғау тәсілі өзгеруде. Енді отбасы әртүрлі мемлекеттік органдарға өз бетінше жүгінудің орнына, қалада кешенді сүйемелдеу жүйесі енгізіледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір балаға әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың, дәрігерлер мен полицияның жұмысын үйлестіретін кейс-менеджер бекітіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының құрылуы – кезекті әкімшілік реформа ғана емес, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңі.
«Ерекше атап өткім келеді: бұл тек жаңа мемлекеттік орган құру туралы емес. Алғаш рет заңнамалық деңгейде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті органдардың мәртебесі бекітіліп, олардың өкілеттіктері, функциялары және жұмыс тетіктері нақты айқындалды. Осылайша мемлекет балалардың құқықтарының бұзылуын дер кезінде анықтауға, туындайтын қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және әрбір баланы кешенді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи құқықтық негіз қалыптастырды», – деді Жанат Айтпаева.
Жаңа заң Басқарманың өкілеттіктерін айқындап, оның жұмысының бірыңғай стандарттарын бекітті және кейс-менеджмент институтын енгізді. Ведомство қызметкерлеріне балалардың құқықтарының сақталуын бақылау мақсатында мемлекеттік органдарға, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге кедергісіз кіру құқығы берілді. Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде Алматы қаласында 688 887 бала тұрады. Басқарма басшысының айтуынша, мегаполиске құқық бұзушылықтарға тек жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи жүйе қажет.
Басқармамен бірлесіп практикалық жұмысты Балалардың құқықтарын қорғау орталығы жүргізеді. Бекітілген нормативке сәйкес, бір маман ең көп дегенде бес мың баланы сүйемелдейді. Бұл өтініштерге жедел әрекет етуге, отбасындағы қолайсыз жағдайларды дер кезінде анықтауға және жағдай дағдарысқа ұласпай тұрып қажетті көмекті көрсетуге мүмкіндік береді.