КММ «Двинск бастауыш мектебі»
Ресми сайт

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫ БЕЛГІЛІ АМЕРИКАНДЫҚ ЖОО ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫ БЕЛГІЛІ АМЕРИКАНДЫҚ ЖОО ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

12-сынып оқушысы Ерсұлтан Пітебай Массачусетс технологиялық институтынан (MIT) шақырту алды. Дарынды қазақстандық өз арманына қалай қол жеткізгенін айтып берді.

18 жастағы Ерсұлтанның айтуынша, оның арманы 8-сыныпта пайда болған. Дәл сол кезде ол физика пәнін тереңдете оқи бастаған.

«Бес жылдан астам уақыттан бері түрлі олимпиадаларға қатысып келемін. 8-сыныпта алғаш рет республикалық олимпиадаға қатыстым. Кейін Халықаралық физика олимпиадасында екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алдым», – деді Ерсұлтан.

Әлемге әйгілі америкалық жоғары оқу орнына түсу үшін оқушы бір жылға жуық дайындалған. Ол емтихандар тапсырып, эссе жазған.

«Университетке түсу тек жетістіктер мен емтихандармен шектелмейді. Өз қатарластарыма берер басты кеңесім – аянбай еңбек етіп, өзің сүйетін іспен айналысу. Осы жолда маған әрдайым қолдау көрсеткен ата-анама және ұстаздарыма алғысымды білдіремін», – деді Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ оқушысы.

Ерсұлтан Пітебай оқуын аяқтағаннан кейін физика саласындағы ғылыми зерттеулерін жалғастырып, отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосуды мақсат етеді.

Айта кетейік, Массачусетс технологиялық институты (MIT) әлемнің ең беделді университеттері рейтингінде көш бастап келеді және робототехника мен жасанды интеллект салаларындағы жетекші оқу орындарының бірі саналады.

Бөлімге оралу «Жаңалықтар»